«Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы

2018 жылдың 28 қыркүйегінде Түркістан қаласында «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум өтті. Форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан т.б. мемлекеттерден 250-ден астам делегат келді. 
Түркістан қаласында өткен инвестициялық форумда өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, шетелдік компания басшылары бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Түркістан – талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шахар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік - іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр. Бүгінгі жиын өздеріңізбен осындай іскерлік қарым-қатынас орнатып, нығайтуға сеп болады деген сенімдемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы. 
Сонымен қатар, өңірді дамытуға бағытталған кез-келген жобаны барлық тараптан қолдауға дайын екенін айтқан облыс әкімі, аймақты үш бағытта дамытуға басымдық берілгенін де жеткізді.
Туризм Түркістан өңіріндегі инвестицияларды дамыту мен тартудың негізгі және маңызды бағыттарының бірі болып табылады. 2017 жылы Түркістанға 1,2 миллион турист келді. Сонымен қатар, 2018 жылдың бірінші жартысында қалаға келушілер саны 700 мыңнан астам адамды құрады. 
Шетелдік қонақтар Түркістан аумағында туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамытуға қатысуға ниет білдірді. Ираннан, Малайзиядан, Қытайдан келген инвесторлар аймақтағы заманауи әлеуметтік нысандарды салатындарын, инфрақұрылым мен цифрлық технологияларды дамытуға күш жұмсайтындарын атап өтті. Түрік инвесторлары Түркістандағы халықаралық әуежайды салуды көздеп отыр.
Форум аясында жалпы құны 1,7 млрд доллар құрайтын инвестициялық жобалар бойынша 19 меморандумға қол қойылды және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген «Al-Masood» компаниясымен Түркістан облысында туризм саласын дамыту туралы келісім жасалды.